Елордада санитарлық дәрігердің карантинді қатайту шаралары туралы қаулысы күшіне енді. КВИ ауруының өсуіне байланысты бірқатар нысанның жұмыс тәртібі қысқарды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елордада сұлулық салондары, шаштараздар, "барбер шоп" дүйсенбі-жұма күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұл жағдайда келушілерді қабылдау қатаң түрде алдын-ала жазылу арқылы жүргізілуі керек.

Сонымен қатар, қалада бірқатар кәсіпкерлік нысанның жұмыс тәртібі қысқартылды. Осылайша, "Ashyq" жобасына қатысатын фитнес-орталықтарға, спорт нысандарына, бассейндерге, сауналарға, СПА-орталықтарға сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал дүйсенбі-жұма күндері сағат 07:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

"Ashyq" жобасына қатысатын кәсіпкерлік субъектілері үшін караоке жұмысын ұйымдастыру күшейтілген санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал дүйсенбі-жұма аралығында сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істей алады.

Айта кету керек, карантинді қатаңдату – елордадағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай мен коронавирус ауруының өсуіне байланысты мәжбүрлі шара.

Қаулы ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, қол қойылған құжат бойынша дәмханалардың, мейрамханалардың, кофеханалардың және асханалардың жұмыс уақыты қысқарды.

Дереккөз: astana.gov.kz.